«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОМӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА МАҢЫЗДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары Түркістан облысында жүйелі жалғасып келеді.
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, аудан тұрғындары экологиялық мәдениетті қалыптастыруда. Бүгін «Таза қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан Сарыағаш қаласы аумағындағы саябақтарға, балалар ойын алаңшаларына, әлеуметтік нысандар мен ескерткіштер маңына және гүлзарларға тазалық жұмыстары жүргізілді. Бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, шөптер орылды. Бұл жұмыстарға 2 арнайы техника жұмылдырылып, 2 тоннаға жуық қоқыс полигонға шығарылды.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Taza Qazaqstan» платформасы сәтті іске асырылуда. Тазалық жұмыстарына қатысты өтінімдер @TazaQazBot telegram-бот арқылы қабылданады. Жұмыс алгоритмі бойынша операторларға түскен өтінімдер санаттарына сай әкімдік қызметкерлеріне жолданады. Орындаушы атқарылған жұмыстарды фотоға таспалап, платформаға жүктейді. Өтініш иесіне жауап сол мезетте telegram-бот арқылы түседі. Осылайша, тұрғындармен кері байланыс орнатылады.
Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Мәжіліс күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серғазы Қалдыбаев аудан аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстар туралы баяндады.
Төлеби ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2024 жылдың наурыз айынан бастап 108 рет сенбіліктер өткізілді. Сенбілікте 1119 шақырым құрайтын автомобиль жолдары, 181 шақырым арықтар, 28,5 шақырым каналдар тазаланды.
2025 жылы бағдарлама жалғасын тауып, ауданда аумақтардың тазалығын қамтамасыз етуге, абаттандыруға, нысандардың қасбеттерін, жарықшамдар мен субұрқақтарды күтіп-ұстауға, жол белгілерін ретке келтіруге, жолдарды жөндеу жұмыстарына басымдық беріледі. Сонымен қатар білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, діни нысандардың тазалығы назарда болады. Бұл жұмыстарға тұрғындармен қатар, кәсіпкерлер де жұмылдырылады.
Туристік аймақтар қатарына енген Төлеби ауданының тазалығы, экологиялық ахуалының жақсаруы біздің бірлескен еңбегімізбен жүзеге асады. Туған жеріміздің әлеуетін арттырып, көркейіп, дамуына баршамыз бірлесе еңбек етуіміз қажет, деді аудан басшысы.
Аудан әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы мерзімінде және сапалы орындалуы тиістігін ескертіп, абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары тиісті деңгейде атқаруды тапсырды. TazaQazBot платформасынан түскен өтініштерге дер кезінде жауап беруді ескертті.
2025 жылы жеке инвестициялар есебінен іске асатын жобалар туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Райымбеков баяндады. Аудан басшысы жеке инвестиция есебінен жүзеге асатын жобалардың санын арттыруды, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
2024 жылдың қорытындысымен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша атқарылған жұмыстар бойынша әкімшілік және құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Алмас Дүйсенбеков баяндама жасады.
Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы аудан аумағындағы өзекті мәселелерді шешу үшін атқарушы билік тарапынан арнайы жоспарлар дайындалғанын айтты. Аппарат мәжілісінің қорытындысы бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, аталған тапсырмалардың орындалуы жіті бақылауда болатындығын жеткізді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген 08 ақпан күнгі жалпы сенбілік — Мақтаарал ауданының аумағында үлкен тазалық жұмыстарының орындалуына себеп болды.
Сенбілік барысында 13 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылып, бұл қоқыстар аудан аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигонға төгілді. 8,5 шақырым аяқжол ретке келтіріліп,14,3 шақырым арық-атыздар тазаланды. Сонымен қатар, шараға 14 техника бірлігі мен 1145 адам қатысты, олардың арасында бюджеттік қызметкерлер, еріктілер және жергілікті тұрғындар болды.
«Қоқыс тастау, экологияға зиян келтіру – бұл адамзаттың табиғатқа жасаған қиянаты. Сенбіліктер арқылы бұл мәселені шешіп, табиғатқа деген сүйіспеншілікті насихаттай аламыз. Өйткені, табиғаттың әдемілігі, оның тазалығы – барша адамзатқа ортақ байлық. Сенбілік – осы байлықты қорғау және сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі» — деді, сенбілікті ұйымдастырушылар.
Бұл іс-шара аумақтың тазалығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың экологиялық сана-сезімін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.