ЖЕТІСАЙЛЫҚ ЖАС ШАБАНДОЗ-КӨКПАРШЫ ЖЫЛ ҮЗДІГІ АТАНДЫ

0
54

Қазақи қаймағы бұзылмаған Түркістан облысында кеңестік кезеңде де ұмытылмаған қазақтың ұлттық спорты – көкпар бүгінде қанатын кең жайып, Көшпенділердің басты ойыны ретінде түркі халықтарының белсендінасихаттауымен дүриежүзілік деңгейге көтерілуде. Соңғы кездері елімізде ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттік деңгейде қамқорлықтар көрсетіліп келе жатқан ұлттық ойынымыз – көкпарды дәріптеу мақсатында түрлі деңгейлерде дүбірлі додалар өткізіліп келеді.

Өйткені, бағзы заманнан бері жауынгерлік өнерді жанына серік еткен халқымыз үшін ұлдарының күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырып, арғымағының қалай бапталып-үйретілгенін, жүйріктігін сынайтын спорт түрінің бірі осы көкпар.

Ат тұяғының дүбірін естісе делебесі қозып, тақымын қыспай отыра алмайтын оңтүстік жұртшылығы Шымкент қаласында «Тұран тұғыры» дәстүрлі көкпар үздіктерін марапаттау рәсімін өткізді.

Аталмыш шарада Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай ұлттық спорт клубы» КММ мүшесі Айтуғанов Ерболат Жомартұлы үздік танылып, Түркістан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Шымкент қаласында өткен 2007 – 2009 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы XII Қазақстан Республикасының чемпионатында Түркістан құрамасы сапында өнер көрсеткен Ерболат Айтуғановтың мерейі үстем болып, 14 команда қатысқан байрақты бәсекенің чемпионы атанған.

Ақтық сында Шымкент шабандоздарымен күш сынасқан Түркістан құрамасы 5:3 есебімен жеңіске жеткен еді. Команданы жеңіске жеткізген 5 салымның 3-ін Айтуған Жомартұлы салып, чемпионаттың «Үздік шабуылшысы» деп танылған.

Түркістан облысында интеллектуалды спорт түрлерін насихаттау, дамыту бағытында да жұмыстар жасалуда. Мақтаарал ауданында шахмат спортының дамуына үлес қосу мақсатында «Шахмат керуені» аясында облыстық шахмат турнирі өтті.

Бұл айтулы жарыс облыстық шахмат федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып, өңіріміздегі талантты шахматшылардың басын қосты.

Турнирге облыстың 9 ауданынан 100-ге жуық шахматшы қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әрбір қатысушы өз шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

«Бұл шара — біздің облысымызда, ауданымызда спорттың осы маңызды түрін дамытуға арналған зор қадам. Шахмат тек интеллектуалдық ойын ғана емес, ол ізденісті, сабырлылықты және стратегияны талап ететін спорт. Әр адамның ой-өрісін кеңейтіп, стратегиялық ойлау қабілетін арттырады. Облысымыздың көптеген талантты шахматшылары біздің алаңда жиналып, шеберліктерін көрсетуі — ауданымыз үшін үлкен мақтаныш» — деді, ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ж.Тәтеев.

Жарыс қорытындысы бойынша ауданымыздың ардаргер шахматшысы Толқын Рабиев ерлер арасында, Ұлжалғас Жантекова әйелдер арасында турнир жеңімпаздары атанды.

Бұл турнир – тек жарыс қана емес, сондай-ақ шахматқа деген қызығушылықты арттырып, зияткерлік даму мен спорттық бәсекеге баулитын маңызды шара. Турнир облыс шахматшылары арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, шеберліктерін арттырып, шахмат спортының дамуына серпін бергені сөзсіз.

Ұлттық спорт түрлерін насихаттау мен жаңғырту арқылы жас ұрпақтың рухын көтеру, ұлттық құндылықтарға бейімдеу мақсатында және “Шардара ауданының 60-жылдығына” орай қазақтың ұлттық “Теңге ілу”спорттық жарысынан жасөспірімдер мен ересектер арасындағы Шардара аудандық ұлттық спорт және өнер клубының ашық біріншілігі өтті.Жарысқа Теңге ілу спортынан жасөспірімдер мен ересек спортшылар қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды.

Атап айтар болсақ;

Жасөспірімдер арасында: 1-орын — Жанадил Жармахан, 2-орын — Байжан Еркебұлан, 3-орын — Жұмабай Мағжан иеленді.

Ересектер арасында: 1-орын — Байжан Еркебұлан,2-орын — Ташкенбай Құдайберген, 3-орын — Жұмабай Мағжан иеленді.