ОРДАБАСЫЛЫҚТАР «ҮЗДІК ОҚЫРМАН» БАЙҚАУЫНДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

0
73

«Кітап – білім бұлағы» деген сөзді халқымыз бекер айтпаған. Жастайынан кітап оқуды әдетіне айналдырған адам біртіндеп білім мұхитынан сусындап, одан ары біле түсу үшін ізденіп, сан-салалы тақырыптарға арналған шығармаларды оқитын болады. Кітаптағы оқиғалар арқылы оны оқыған адам өмірден көп тәжірибе жинақтап, өмірдің құбылыстары мен тіршіліктің тылсымдарын да біле түседі. Қазақтың «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мәтелінің мазмұны да білім бұлағынан үнмі сусындаған адамның көңіл көкжиегі кең, білікті болатынын, ақылы кемел болатынын білдіреді.
Торонто университетінің ғалымдары әдеби шығармаларды құныға оқитын адамдардың салалық кітаптармен ғана сусындайтын оқырмандарға қарағанда анағұрлым креативті келетінін анықтап отыр. Ғылыми кітаптар білімгердің белгілі бір тақырыпты меңгеріп шығуына көмектескенімен, ол туралы кеңінен ойлануына септігін тигізе алмайды. Бір жағдайға емес, әртүрлі ситуацияға дайындалу керек. Оның жолы – әдеби кітаптарды оқу.
Осы мақсатта Ахмет Байтұрсынұлы Білім Академиясының ұйымдастыруымен биылғы жылдың 6 ақпаны мен 10 тамызы аралығында «Үздік оқырман – 2024» республикалық мұғалімдер байқауы онлайн форматта өтті.
Аталған байқауға Қазақстан Республикасының кітап сүйер барша ұстаздары қатысты. «Үздік оқырман» байқауының 2024 жылы оқылған кітаптары мыналар:
1. Зейтін Ақышев “Жаяу Мұса” романы;
2. Сайын Мұратбеков “Жабайы Алма” повесі;
3. Ақан Нұрманов “Құланның ажалы” романы;
4. Қаржаубай Омарұлы “Әке” повесі;
5. Қалмұқан Әбдіқадыров “Қажымұқан“ повесі;
6. Қази Данабаев “Сағыныш екен бала кез” повесі;
7. Стендаль “Қызыл мен қара” романы;
8. Э. Хэмингуей “Қош бол, майдан” романы;
9. Жюль Верн “Әлемді 80 күнде шарлау” романы;
10. Эрнест Сетон-Томпсон “Киелі көкжал” хикаяты.
Ағымдағы жылдың 1-ші қыркүйек күні байқау қорытындысы жарияланды. Нәтижесінде Ордабасы ауданының бірқатар ұстаздары мен кітапханашылары жүлделі орындар мен Алғыс хаттарға ие болды.
Атап айтсақ, Д.А.Қонаев атындағы жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Өтебек Әлия Ерғалиқызы жүлделі ІІ – орын;
«Зерде» жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Байларбекова Балжан жүлделі ІІ – орын;
Б.Кенжебаев атындағы жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Ақшора Пернегүл жүлделі ІІ – орын;
Б.Оңтаев атындағы жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Уралбаева Майра жүлделі ІІІ – орын;
Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Айтжанова Ардақ жүлделі ІІІ – орын;
«Зерде» жалпы білім беру мектебінің кітапханашысы Бескеева Назгүл, Б.Оңтаев атындағы жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Шарипова Айжан Алғыс хатпен марапатталды.
Смартфонмен өткізетін уақытын, кезек күтіп тұрғандағы немесе кептелістегі уақытты тиімді пайдалана алса, адам орта есеппен бір жылда 50 кітап оқи алады. Ал кітап оқуды әдетке айналдырған адамның көңілі хош, ұйқысы тыныш, аз уақыттың ішінде ойы ұзарып, білімі қордалана түседі екен.