АЗАМАТТАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ МАҢЫЗДЫ

0
89

Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстан: заі мен тіртңп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» аталатын Жолдауында «Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық.
Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды.
Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді» дей келіп, қоғамдағы жастардың құқық бұзушылығының, жаман әдеттерге үйірсектіінің, заң мен тәртіпті бұзуының алдын алуды да тапсырды.
Қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тұрғындардың қолындағы заңды тіркелмеген қаруларды жинап алу да маңызды. Ол адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесумен қатар кей азаматтардың заңсыз қарумен қылмыс жасауының алдын алуға да себепші болады. Түркістан облысында тұрғындары 180 бірліктен астам тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсырды. Атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу аясында Түркістан облысында тұрғындардан тіркелмеген қаруды сатып алу бойынша акция өткізілуде. Нәтижесінде, акция барысында облыстың 149 тұрғыны полиция органдарына тіркелмеген 181 қаруды, оның ішінде 160-тан астам тегіс ұңғылы қаруды өз еркімен тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсыру үшін оның техникалық жағдайына байланысты қарудың әрбір бірлігі үшін төлем қарастырылған. Осылайша, атыс қаруын өз еркімен тапсырған 80 астам азаматқа 8 миллион теңгеден астам қаражат төленді.
Сонымен қатар, тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Тәртіп сақшылары Түркістан облысының тұрғындарын акцияға түсіністікпен қарауға және белсенді қатысуға шақырады.
Полиция сонымен бірге облыс жасөспірімдерінің қауіпсіздігін сақтау бойынша профилактиканы күшейтті. Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов жасөспірімдер арасындағы қылмыс, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою бағыттағы шараларды ұдайы бақылап отырады. Сондай-ақ бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, жеке құрамға жүйелі жұмыс жасауды тапсырады.
Осы мақсатта Келес ауданындағы №22 Зиябек Рустемов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде ауқымды жиын өтті. Оқушылармен кездесуге Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ермек Өсербаев арнайы барып қатысты.
Полиция білім мекемесінің жоғары сынып оқушылармен кездесуде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, суицидтің, әлімжеттіліктің (буллинг) алдын алу бойынша дәріс өтіп, мұндай теріс әрекеттер үшін заң аясында қарастырылған жауапкершілік барын түсіндірді. Оған қоса мектептегі қауіпсіздік жай-күйі толық тексерілді.
Сондай-ақ аудан әкімшілігінде жергілікті атқарушы орган өкілдері, білім бөлімінің басшылары, ата-аналармен кездесіп, бала тәрбесі, оның жауапкершілігі туралы сөз қозғалды. Бірлесіп профилактикалық іс-шаралар жүргізуге, қадағалауды күшейтуге шақырды.
Ал білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне кәмелетке толмағандардың қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауы немесе оларға қатысты жасалу фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған жағдайда шара қолданылатыны ескертілді.
Дөңгелек үстел соңында мемлекеттік мекеме мамандары, ата-аналар әрбір жасөспірімнің қауіпсіздігі жолында жұдырықтай жұмылып жұмыс жасауға уағдаласты.