БАЛЫҚ ӨСІРУГЕ НИЕТТІЛЕРМЕН СЕМИНАР ӨТКІЗУДІ ТАПСЫРДЫ

ҚР Президентінің алға қойған міндеттері мен тапсырмаларын орындау мақсатында Түркістан облысында, оның қалалары мен аудандарында атқарушы билік жұмысты ширата түсуде. Облыстың өңірлерінде инвестиция тарту, ішкі резервтерді тауып айналымға қосу, ауданның географиялық-табиғи жағдайын тиімді пайдалана отырып шағын және орта шаруашылықтарды ұйымдастыру, тұрғындарды жұмыспен қамтуда әр азаматтың қабілеті мен ниетіне қарай жеке кәсібін бастауына әкімдік пен кәсіпкерлік бөлімі тарапынан жан-жақты қолдау жасау жұмыстары жүзеге асырылуда.
Түлкібас ауданында да өңірді дамытудың перспективалық жоспарларына сай бірқатар табысты жұмыстар атқарылуда. Аудан басшылығы шағын және орта бизнестің және жеке кәсіпкерлердің жұмысының жағдайымен танысып, оларға заң аясындағы мемлекеттік қолдау жасауда.
Түлкібас кентіне қарасты «Grand Flour Industry» ЖШС жылына орта есеппен 800-1000 тонна жоғарғы және бірінші сұрт ұны мен мал азығын шығарып, «ARDA Түлкібас» деген брендпен оңтүстік аймақтағы үш өңір мен Өзбекстан еліне жолдап отыр.
Жуырда ағымдағы жөндеуден өтіп, жұмысын қайта бастаған кәсіпорынға аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты мамандармен арнайы барып, жұмысымен танысты.
Кәсіпорынның жауапты өкілімен нысанды толық аралап, шығарып жатқан өнімнің сапасын бақылады. Қуаттылығын арттыру бойынша зауыт өкіліне ұсыныстарын айтып, әкімдік тарапынан көмек қажет болған жағдайда қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Зауыт тәулігіне 150 тоннаға дейін ұн шығаруға қауқарлы. Бүгінгі таңда мұнда 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Түлкібас кентіндегі «Мұрагер» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасының жағдайы да сарапталды. Жалпы қойма 3000 мың тоннаға шақталған екі корпустан тұрады.
Аудан әкімі кәсіп иесі және жауапты мамандармен маңызды нысанның жұмысын қайта жаңғырту жағын пысықтап, тиісті бөлім басшысына бұл бағытта нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Түркістан облысында 2030 жылға дейін 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні облыста тауарлы балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 231-ге жетті. Түлкібас ауданында балық шаруашылығымен айналысуға кәсіпкерлердің қызығушылығы күн санап артып келеді. Биыл осы бағытта 10 кәсіпкер өз ісін бастауға бел буып отыр. Жалпы аудан аумағында 26 кәсіпкер балық шаруашылығымен айналысады.
Аудан әкімі Асқар Естібаев сондай кәсіпкердің бірі, Машат ауылының тұрғыны Ермахан Дүйсенбековтың бастап жатқан ісімен танысты.
1,8 гектар жерге жасанды көл қазып, дайындап қойған. Ол жерге биыл 30 мың дана сазан, дөңмаңдай және ақ амур балығының шабақтарын жіберуді жоспарлауда.
Ал сол маңдағы «Жеті үй» шаруашылығы осыдан 5 жыл бұрын жасанды көлге 20 мың дана сазан, дөңмаңдай және ақ амур балығының шабақтарын жіберіп, қазіргі таңда жылына кемінде 5 тонна өнім алуда. Және де кәсіпкер көл жанына Сақ моншасын соғып, дәмхана ісін жүргізіп, табысын арттыруда.
Қос нысан иелерінің алдағы жоспарларымен танысқан Асқар Сұлтанұлы мемелекет тарапынан қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізіп, жауапты бөлім басшысына алдағы күндері балық шаруашылығын ашуға ниетті және іске асырған азаматтармен білікті мамандарды қатыстыра отырып семинар ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ осы бағыттағы жұмыстарды барынша жандандыру керектігін айтты.
Көп жылдан бері ғимарат қажет етіп келген Түлкібас ауданының мүгедек балаларды оңалту орталығының қос мекемесі, апатты деп танылған «Өнер» мектебі және ғимарат тапшылығын сезініп келген аудандық білім бөлімі «Агробизнес және саяхат» колледжінің бос тұрған корпусына орналастырылатын болды.
Бұл жерде 2360 шаршы метрді құрайтын колледж ғимараты аудан әкімдігінің теңгеріміне алынып, аталған 4 мекемеге қажеттілігіне қарай бөлініп берілді. Аудан басшысы Асқар Естібаев аталған нысанға жауапты орынбасарлары және тиісті мекеме басшыларымен бірге арнайы барып, ғимаратты бөлу және ретке келтіру мәселесін пысықтады.
Жауапты мекеме басшыларына жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті сметалық құжаттарды тез арада дайындап, орналасу мәселесін жылдамдатуды тапсырды. Сонымен қоса, мүгедектігі бар жандарға кіріп-шығуға ыңғайлы жағдай жасау, талапқа сай пандус орнату, газға қосып, жылу жүйесін ретке келтіру, интернет тарту бойынша тиісті шараларды атқаруды жүктеп, мекемелер толық орналасқанша ғимаратты қалпында сақтау мақсатында қарауыл қою керектігін ескертті.
Айта кетейік, облыс әкімдігінің қолдауымен аталған колледждің бос бөлігі аудан теңгеріміне өткізіліп, тиісті қаулысы шығарылған болатын. Осы шешім арқылы бірнеше мекеменің ғимарат мәселесі шешімін тауып отыр.