«ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

0
41

Мемлекет басшысы әрдайым жас ұрпақ тәрбиесіне мән беруді, жалпыадамзаттық құндылықтар мен қатар дәстүрлі ұлттық рухани құндылықтар мен тәрбиені де бірлестіре отырып отаншыл да жан-жақты адами қасиеттерді бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу арқылы ұлттық болашағын беркіте түсудің маңыздылығын айтып келеді. Өйткені, мемлекеттің болашағы жалпыадамзаттық құндылықтарды қадірлей отырып ұлттың рухани құндылықтары арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелеумен тығыз байланысты. Қазіргі жаһандану процестері жылдам жүріп жатқан ғасырда күн сайын бір ұлт тілінен айрылып, екінші біреулері ұлттық ерекшеліктерін жоғалтып мәңгүрттеніп жатқандығын көріп отырмыз. Ер адам Отанды қорғаса, әйел-Ана ұлттың болашағын қорғайды. Қазақтың дәстүрінде қлттық қасиеттер ана сүтімен, ұлттық дәстүрлермен бірге баланың бойына сіңіп азамат болып қалыптауын қамтамасыз етеді.

Арыс қаласында «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты танымдық іс-шара өтті. Бұл кеш қыз бала тәрбиесінің маңыздылығын айшықтауға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталды.

Тағылымы мол шараға қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, ардагерлер кеңесі мүшелері мен оқушылар және ата-аналар қатысты.

Іс-шара әсерлі видеосюжетпен ашылып, Ә.Жангелдин атындағы мектеп оқушылары қыз тәрбиесі туралы шағын көрініс көрсетті. Бұдан кейін 10-сынып оқушылары қазақ биін орындап, көрермендерді ұлттық мәдениетіміздің әсемдігімен қуантты.

Шара барысында қалалық әжелер алқасының ақжаулықты әжелері ұлттық тәрбие, әсіресе, әже мектебінің маңызы туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Ол әжелерден тәлім алған қыздардың бойында бауырмалдық, қонақжайлылық, мейірімділік сияқты қасиеттердің ерекше дамитынын атап өтті. Қыз тәрбиесі тек ата-ананың емес, бүкіл қоғамның міндеті екені тағы да еске салынды.

Кеш барысында «Ана туралы ән» орындалып, қыздардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, қыз тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, ұлттық киімнің маңыздылығы, қыз баланың жүріс-тұрысы мен әдебі туралы құнды ойлар ортаға салынды.

Іс-шараның соңында жүргізушілер қазақтың «Қызым үйде – қылығы түзде» деген тәмсілін еске салып, кешті қорытындылады. «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты шара қыз тәрбиесіне қоғам болып көңіл бөлудің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қазақ жерінде қазақ халқымен қоян-қолтық жүзден астам этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың басым бөлігі Қазақстанды туған отаны санап, соның патриоттары болуда. Себебі қазақ ұлты өзінің толеранттығы арқылы барлық этностардың этно-мәдени дәстүрлерін сақтауына мүмкіндік беріп қана қоймай мемлекеттік деңгейде жағдай жасап отыр. Сонымен бірге түбі бір түркі тектес халықтардың еліміздегі өкілдері қазақ халқымен бауырласып, тілін де дәстүрін де біліп, құрметтейді. Сонымен бірге құрылғанына отыз жыл болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы да қазақстандықтарды бірлікке, өзара татулық пен ынтымақта өмір сүруге насихаттап келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылы округінде Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестігі «Дустлик» қауымдастығының және Өзбекстан республикасы “Ватандошлар” қоғамдық қорының, Шымкент қалалық және Қазығұрт ауданы өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен әлем әдебиетінің өкілі, халықтар достығын жырлаған ақын, жазушы, қоғам қайраткері Алишер Науаидың 584 жылдығына орай, “Науаи – заман мен халықтарды біріктірген ұлы тұлға” атты әдеби кеш өтті. Бұл іс-шараға Өзбекстаннан ғалым, жазушы, ақындар және өнерпаздар және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері келіп қатысты.

Әдеби кешке аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев арнайы қатысып, — “Біздің еліміз көп ұлтты мемлекет екені баршаңызға мәлім. Сондықтан, біз үшін ынтымақ, бірлік деген ұғымдар үлкен мәнге ие деді”. Еліміздегі барша ұлтар мен этнос өкілдерінің көк туымыз астында бүгінгі күнге дейін тату-тәтті, ынтымағымыз жарасқан күйде күн кешіп жатқаны баршамыздың достық пен бірлікке деген ұмтылысымыздың арқасы екендігін айтып, Өзбекстан республикасынан келген қонақтарға, Ассамблея мүшелеріне ерекше алғысын жеткізді.

Алишер Науаи — ана тілінің өрісін кенейтіп, ырысын тасытып жаңа арнаға шығарған өзінің шығармаларында жарқыратып қолданып, түркі тілін ғылым мен білімнің, классикалык әдебиет пен өнердің тіліне айналдыруға берік іргетасын қалап, тарихи-рухани бетбұрыс жасаған ерекше тұлға.