ҚОҒАМДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ҚАЖЕТ

Қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту әрбір шаңырақтың беріктігін, ұлттық салт-дәстүрдің сақталуын қамтамасыз етеді. Бүгінде қоғамда көптеген құндылықтар өзгеріске ұшырап, бұрмаланып бұзылуда. Бұл отбасылардың беріктігіне кері әсер етіп, жосықсыздықтарға жол ашуда. Өйткені, отбасылық құндылыққа жататын қоғамдағы әрбір әрекеттердің бұзылуы, өзгеруі кейбір отбасыларға салмақ салып, жағдайын қиындатып, шаңырақтың шайқалуына, отбасының қиын қаржылық, не рухани жағдайға тап болуына әкеліп соқтыруы ықтимал. Сондай жағдайдың бірі қайтыс болғандарды жерлеуге байланысты рәсімдерге қатысты. Жағдайы бар біреулер адамы қайтыс болса ұлан асыр ас беріп дарақылану арқылы жағдайы төмендеу отбасының да жалған намысқа тырысып қарызданып-қауғаланып аста-төк дастархан жайып еске алу, ас беру сияқты шараларды өткізуіне, сөйтіп отбасының қаржылық қиындыққа ұшырауына соқтырады. Сондықтан бұл мәселені тиісті орындар, көпшілік болып жөнге келтіру қажет.
Күні кеше Мақтаарал ауданында зираттарды күтіп ұстау және жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермеу мақсатында арнайы мекемеаралық мәжіліс өтті.
Аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен жиынға аудан сотының төрағасы А.Шындалиев, аудан прокуратурасының аға прокуроры А.Қанжігітов, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Е.Алтынбаев, аудандық орталық «Абдул Әкім» мешітінің бас имамы Н.Мұсабеков және дербес бөлім басшылары, Мырзакент, Атакент аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңес төрағасы, аудан имамдары, ауыл билері және мазарат шырақшылары қатысты.
«Бүгінгі мәжілістің басты мақсаты — өзекті мәселелердің бірі болып табылатын жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру, жаназа, ас беру кезіндегі дәстүр, әдеттерді жүйелеу, жерлеу рәсімінде діни қызметкер тарапынан атқарылатын діни рәсімдерден бастап мәйіт көмілген соң қабірге қойылатын құлпытастың шариғат шарттары бойынша қандай болу керектігіне тоқталу мәселелері. Сонымен қатар, қайтыс болған адамның өлу себебін анықтау үшін медициналық сараптамадан өткізудің тәртіптері бойынша талқылайтын боламыз» — деді, аудан басшысы.
Күн тәртібіне сәйкес, ең біріші аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Еділ Алтынбаев сөзге шықты.
Мұнан соң сөзге шыққан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Бабашев аудан тұрғындарының 95 %-ы исламдық бағытта, қалған 5%-ы христиандық бағытта дін ұстанатынын еске салды. Бөлім басшысы бүгінгі күнде зираттарды күтіп ұстау және жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдыққа, бәсекелестікке жол берілетінін тілге тиек етті.
«Ауданымызда Бірлік, Достық, Еңбекші, Жаңажол, Иіржар, А.Қалыбеков, Жамбыл, Мақтарал ауылдық округтерінде мазараттар орын тепкен. Жалпы барлық зираттардың жер көлемін есептегенде 105 гектарға жуық жерді алып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен елімізде «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығы 2021 жылы өз жұмысын бастаған. Орталықтың негізгі мақсаты – құлпытас көтеруде ислам дінінің талаптарын сақтау, бәсекелестікке, ысырапшылдыққа жол бермеу» — деді, Мадияр Асанұлы.
Жиын барысында «Мырзакент» аудандық ауруханасының бас дәрігері Мұқан Тұрсынханов және аудандық орталық «Абдул Әкім» мешітінің бас имамы Нұржан Мұсабековтар тақырыптарға байланысты өз пікірлерін қосып, қайтыс болғандарға міндетті түрде сот-медициналық сараптамалық анықтама алу керектігін жеткізді. Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Сапаркүл Қалменова қайтыс болғандығы туралы анықтаманы алудың тәртібін түсіндірді.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Бақыт Асанов мазараттарға архитектуралық сызба жасап реттеу керектігін айтты. Сондай-ақ, жиында айтылған әрбір мәселе бойынша имамдар, ауыл билері жергілікті жерлерде, елдімекендерде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді. Жергілікті билік қана емес қоғамдағы белсенді ұйымдар, топтар, жеке азаматта бірлесіп осылай халыққа түсіндіріп, ақпараттық жұмыстар жасап, үлгі көрсетер болса бұл мәселе де біртіндеп қалыпқа түседі. Сонда ысырапшылдық болмай, кей отбасылардың қиындыққа тап болуы да болмас еді. Яғни отбасында атадан келе жатқан құндылықтар қалыптасып, елге береке-бірлік келер еді.