МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТПЕН КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕНТУДЕ

Ауылды жерлерде инфрақұрылымдар нашар, жұмыс аз, айналысатын ештеңе жоқ, бір іспен айналысу үшін оны бастауға қаржы қажет, деген сылтаулармен бұдан бірнеше жыл бұрын көптеген ауыл тұрғындары әке-шешесінің зейнетақысы мен балаларының мемлекеттен алатын жәрдемақысына, одан қалса үкіметтің уақытша жұмыссыздарға төлейтін төлем ақысына малданып, сонымен күн көретін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бес жыл бұрын ауыл тұрғындарының өмірін жайлы да қолайды ету үшін оларды жұмыспен қамтуды тапсырды. Үкімет бұл тапсырманы жүзеге асыру үшін бірнеше бағдарлама, жобаларды іске қосып, ауылдарда тіршілік жандана бастады.
Еліміздегі сияқты Түркістан облысында да әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында қолға алынған жобалар мен мен мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беріп келеді. Солардың бірі «Ауыл аманаты» арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп жатса, бірі мемлекеттік қайтарымсыз грант арқылы кәсіпкерліктің алғашқы қадамдарын жасауда.
Солардың бірі – Отырар ауданы, Шытты ауылының тұрғыны Есбол Ерден мемлекеттік қайтарымсыз грантты жеңіп алып, темірден ою-өрнек, қақпа жасау ісін қолға алған. Жастайынан еңбекке шыңдалған азамат жаңалықтардан қайтарымсыз қаражат алып, кәсіп ашқандар туралы көрген. Өз кәсібін ашуға бел буған Есбол Ерден 2024 жылдың мамыр айында мемлекеттік қайтарымсыз грантқа мүгедектігі бар балаға қарушы санатымен өтініш беріп, осы жылдың алтыншы маусымында «Қазақы нақыштағы заманауи ою өрнек темір өндірісі» бизнес жобасын сәтті қорғап 1 476 800 теңге мемлекеттік грант қаражатын алды.
Осылайша темірден түйін түйген жігіт шағын өндірістік цехын ашып, жұмысқа кірісіп кетті. Керекті негізгі құрал-жабдықтарды алып темірден түрлі қарапайым өнімдерді жасауды бастады. Ол өнімдерін қазақи өрнектермен әсемдеп жасап тартымдылығын да арттыра түсті.
Таяуда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жасаған сапарында Мемлекет басшысының Жолдауларындағы тапсырмаларының орындалуының жағдайымен танысып, бірнеше ауданды да аралады. Вице-премьер сол сапары барысында Отрар ауданында да болды. Ауданға сапары аясында Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, мемлекеттік грантпен жеке кәсібін бастаған кәсіпкердің шағын цехында болып, жұмысының жай-күйімен танысты.
Темір ию, ою-өрнек әзірлеу, дәнекерлеу сынды жұмыстарының барысы және дайын өнім түрлерін таныстырған Есбол Сәрсенбайұлы кәсіп ашудың және аталған жобаның маңыздылығын, өзі сияқты ауыл тұрғындарының түрлі салада шағын жеке кәсіптерін ашуы мен жұмысын жүргізуі үшін мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың қолдауы өте дұрыс шешім екенін де атап өтті.
Жоба жеңімпазы ретінде берілген қаражатқа ЧПУ станогын алған кәсіпкер ауыл тұрғындарының тапсырыстарын орындап, сәкі, тапчан, темір қақпа сияқты тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауда. Бүгінгі таңда айына 4-5 темір қақпа жасап, тұтынушылардың көңілінен шығатын дизайнмен ұсынып келеді. Өз кәсібін одан әрі дамытуды көздеп отырған Ерден Есбол заманауи үлгідегі қазақша, хайтек сынды стильдердегі қақпалар жасауды жоспарлап отыр.
Темірден түйін түйген жан кәсіптің көзін таба білсе, үйден де үйдей табыс табуға болатынын жалықпай айтып келеді.