БАҚША ӨНІМДЕРІН ӨСІРУДЕН ТЕҢДЕССІЗ АУДАН АТАНДЫ
Түркістан қаласында өз несібесін жерден терген, қажырлы еңбектерімен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының нығаюына қомақты үлес қосып келе жатқан Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «AGROFEST TÚRKISTAN — 2024» салтанатты шарасы өтті. Бұл күні тұрғындарға ала жаздай ризық-несібесін жерден терген өңір диқандарының 3000 тоннадан астам өнімдері ұсынылды. «Керуен сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған мерекелік шарада асыл тұқымды мал шаруашылығы мен техникалар көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі және Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Ауқымды шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығы техникалар көрмесін көріп, «Тұран су» МКК, «Ветеринариялық қызмет» МКК-на арнайы техникалар табыстады. Ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін аралап, қол өнер шеберлерінің жұмыстарымен және мал шаруашылығы көрмесімен танысты. Еңбек адамдарына құрмет көрсеткен облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласы өкілдерін құттықтады.
Күні кеше Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай облыстық «AGROFEST TÚRKISTAN — 2024» салтанатты шарасы өтті. Іс-шара барысында Мақтаарал ауданы бақша өндіруден озат аудан атанып, облыс әкімінің арнайы дипломымен және статуэткасымен марапатталды.
Биыл аудан бойынша 60,6 мың гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылы отырғызылса, оның ішінде 18 мың гектар алқапқа бақша дақылы егілген болатын. Шаруаларымыз бақшадан 500 мың тоннаға жуық өнім жинап, экспортқа және импортқа жіберілді. Жалпы бақша дақылынан алынған өнім гектарына 275,2 центнерді құрап, рекордтық деңгейге жетіп отыр.
Әлемдегі ең тәтті қауын-қарбыздар Мақтаарал ауданында өседі. Бұл – ресейлік және еуропалық кәсіпкерлердің сөзі. Бұған дәлел, маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД мен Балтық жағалауы елдеріне, Түркия, Германия, Грекия мемлекеттеріне жол тартады.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданының диқандары Республикада ең бірінші болып және Өзбекстанға қарағанда 1 апта бұрын бақша өнімдерін нарыққа шығарады.
Мақтаарал ауданында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қарасты «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ның ғалымдары бұрыннан балдай тәттілігімен, ерекше үлкендігімен танымал болған «Мырзашөл» қауынын экспортқа ыңғайластырып, бүгінде облыстағы бірнеше аудандардың диқандары жаппай егіп жүрген «Жиенбет», «Валеть» сияқты қауынның сорттарын шығарды. Осылайша ғылым мен еңбекті ұштастырған сәтте кез келген қамалды бағындыруға болатынын мақтааралдықтар дәлелдеді.
Түркістан облысында 25 қазан – Республика күніне орай ондаған әртүрлі нысандар пайдалануға беріліп, мерекенің салтанатын арттырып, тұрғындардың қуаныштарын еселей түсті. Ұлттық мейрамда Мақтаарал ауданы Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Өркениет елді мекенінде спорт кешені пайдалануға берілді.
Кешеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов, зиялы қауым өкілдері, жас спортшылар және ауыл тұрғындары қатысты. Жиында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі спорттың адам денсаулығын нығайтуда алатын орны ерекше екенін атап өтіп, аймақта бұқаралық спортты дамыту үшін көптеген спорт нысандары ел игілігіне беріліп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, жиналған көпшілікті Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтады.
Спорт кешенінде үлкен спорт залы және спортшыларға арналған жаттығу залдары бар. Мұнда волейбол, баскетбол, футзал, гандбол, күрес, бокс, дзюдо және тағы басқа спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік қарастырылып, спорттық мүкәмалдармен толық қамтамасыз етілген. Одан бөлек, ғимарат аумағында жасанды көгалмен жабдықталған футбол алаңшасы, баскетбол, волейбол алаңшалары орналасқан.
Айта кетейік, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы құрылысы басталған нысанның конкурстық құны 600 миллион теңгені құрады. Мердігер мекеме «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын жүргізді.