БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУ БОЙЫНША ЖҰМЫС АТҚАРЫЛУДА

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканы әртараптандыру. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек.
Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ» деді.
Мемлекет басшысының экономиканы, өндірістік салаларды әртараптандыру мен оларға ішкі және сыртқы инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып өндірілетін өнім түрлерінің әралуандығын көбейту, оларды терең өңдеу бағыттары бойынша Түркістан облысында соңғы жылдары елеулі жұмыстар атқарылып келеді. Сондай жұмыстардың бірі облыстың барлық аудандарында балық шаруашылығын дамыту бойынша атқарылып жатқан түсіндіру және кәсіпкерлердің балық өсіруге қызығушылығының артуы болып табылады.
Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің саны жыл санап артып келеді. Бүгінде өңіріміз жасанды көлдерде балық өсіру бойынша көш бастап тұр. Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Оның ішінде 82-сі жергілікті маңызды су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 231 кәсіпкерлік субъектісі айналысады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылды. Осы ретте жұмысшы топ өкілдері Отырар, Ордабасы, Созақ, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандарына арнайы барып, балық шаруашылығымен айналысатын және айналысуға ниетті кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде кәсіпкерлер мен шаруаларға мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар мен жеңілдіктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту саласының әлеуеті жоғары. Акваөсіру бойынша 2024 жылға жергілікті бюджеттен 500,0 млн теңге бөлініп, 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, толығымен игерілді. Биыл акваөсіру бойынша 500,0 млн теңге, инвестициялық салымдарды субсидиялауға 120,5 млн теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Айта кетейік, кездесуге облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, жер қатынастары басқармасы, жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары, «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директорлары, «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының аудандық филиал директорлары және «Шардара балық мектебі» ЖШС менеджерлері қатысты. Кезеду барысында балық шаруашылығын дамыту мен оның өнімін тереңдете өңдеу бойынша көптеген пікір алысулар мен ұсыныстар, ойталқылар өрбіді. Соның ішінде облыс аумағында алдағы кезде де балық өсірудің тиімділігі мен жолдары туралы халық арасында насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруға да басымдық беріліп отыр.
Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында балық шаруашылығын дамыту бойынша өзекті мәселелерді анықтау және түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Райымбековтың төрағалығымен жиын өтті.
Жиынға Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат қорғау басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы Сәдірқожа Абай қатысып, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылғанын айтты. Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Оның ішінде 82-сі жергілікті маңызды су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 231 кәсіпкерлік субъектісі айналысады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 31 тамыздағы «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру қағидаларын бекіту туралы» № 322 бұйрығына сәйкес, қуаттылығы жылына 25 тоннадан бастап тауарлы балық болатын балық және басқа да су жануарларын өсіретін балық өсіру шаруашылықтарын несиелеу қарастырылған.
Кездесуде кәсіпкерлер мен шаруаларға мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар мен жеңілдіктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.