Креативті индустрия – кемел келешек кепілі

фото егемен.кз
Елімізде креативті индустрия дамып келеді. Осы бағытта шығармашылық индустрияны дамыту — туризм саласын өркендетуге серпін берері сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Қазақстанда креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру керектігі жөнінде міндеттер қойды. Президенттің бұл бағытқа маңыз беруі қазір креативті индустрия экономиканың құрамдас бөлігі ретінде қарқынды дамуда, тіпті экономиканың өзге салаларын жетілуін ынталандыратын күшке ие. Экономикалық зерттеулер институтының мәліметі бойынша, еліміздегі экономиканың креативті секторының жалпыұлттық ішкі өнімдегі үлесі 2-3 пайызды құрайды екен. Бұл өз кезегінде басқа салалармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш екендігін айтып отыр мамандар. Бүгінде Түркістан облысы еліміздегі креативті индустрияны дамыту әлеуеті өте жоғары өңірлердің қатарына жатады. Бұл тарапты өте көп ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірде мәдениет саласын дамытудың тұжырымдамасы әзірленіп, негізгі бағыттары айқындалып, басымдық берілген. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында осы бағыттағы жоспарлар талқыланды. Өңір басшысы өңірдің рухани және мәдени әлеуетін көтеру, жаңашылдықтар енгізу, өнер саласында Түркістанның өз брендін қалыптастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
“Киелі қаланың, облыстың брендін жан-жақты қалыптастыруымыз керек. Әсіресе, мәдениет саласында Түркістанның өз бренді болғаны дұрыс. Біздің бишілеріміз де, әншілер мен ансамбльдеріміз де өзімізден шығатын әрі Түркістан екенін білдіріп тұратын сәнді киіммен өнер көрсетулері керек. Түркістан рухани астана болғандықтан туристер біздің мәдениетімізді, ежелгі дәстүрімізді көргісі келеді. Таланттарды іздеңіздер, конкурс ұйымдастырыңыздар. Өткізетін мәдени іс-шараларымыз республикалық, халықаралық деңгейде болуы қажет. Мәдениеттің барлық бағытын дамыту жұмысын жандандырыңыздар. Жауапты басқарма болғасын, аудан, қалалардың да мәдениетін жандарыңыздар. Мәдениет үйлері тек жиналыс өткізетін орынға айналмасын. Әрбір ауданның өзіндік тіршілігі болғаны сияқты, қайталанбас мәдениет бағдарламасы да болуы тиіс. Олардың заманауи бағытта жұмыс істеуін қадағалаңыздар. Сонымен қатар кітапхана пунктерін ашуды көбейтіңіздер. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажет. Қазір жас режиссерлар аз қаржыға жақсы сериалдар түсіріп жатыр. Туындылары орталық Азия елдерінде таралуда. Солармен байланыс орнатып, Түркістанды насихаттайтын жобаларды жасау керек. Креативті индустрияны дамыту – уақыт талабы, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Осы орайда өңірбасы басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар берді. Бүгінде рухани астананың өз брендін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жалғасуда. Киелі шаһарға табан тіреген туристер таңдай қағып кететіндей өзгешеліктер ендіру жоспары да бар. Әзімхан Қойлыбаев, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы: «Бүгінде Түркістан облысында креативті индустрия аймағын құру жұмыстары қолға алынуда. Биыл мәдениет саласын дамытудың негізгі 6 бағыты бойынша жоспарлар дайындалған. Түркістан қаласының монументті өнер туындыларының орнатылуы туралы тұжырымдама дайындалды. Соңғы 3 жылда орнатылған монументті өнер туындыларына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 17 заңсыз орнатылған монумент заңдастырылды». Киелі өңірдегі өнер мекемелеріне қосымша штаттық бірліктер беріліп, кәсіби мамандар тұрақты жұмысқа тартылды. Бұл бұрыннан көтеріліп жүрген мәселе болатын. Ақыры жүзеге асырылды. Сондай-ақ, «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде «Jana Lep» өнер ұжымы құрылды. Былтырғы жылы «Құстар қайтып келеді» мюзиклі сахналанып, өнер майталмандары мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Аталған ұжым аудан, қалалардан бөлек, көрші облыстарда да өнер көрсетпек. Алға қойған жоспарлар мен жобалар өте көп. Бұдан бөлек, өңірде әлемге белгілі көркемөнер ұжымдары мен орындаушылардың, театрлардың гастрольдерін, сондай-ақ ірі шетел музейлерінің көрмелерін ұйымдастыру көзделуде. Облыстық «Балтаңдай», республикалық «Түркістан дауысы» дәстүрлі форматта өткізіледі. Халықаралық «Voice of Turan» байқауы биыл ерекше форматта өтеді деп жоспарлануда. Ол үшін бүгінде өнер ұжымдары қарқынды түрде жұмыс атқаруда. Өткен жылы «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында 13 мәдениет үйін пайдалануға берілді. Оның ішінде кітапхана да қарастырылған. Ондағы кітап қоры да қомақтыландырылған. Мұншама мәдениет үйінің бірден пайдалануға берілуі бұрын соңды болмаған оқиға. Сондықтан да ауыл аймақтағы тұрғындар алғыстарын жаудыруда. Биыл мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында өнім беруші үйірмелер арасында тұңғыш рет облыстық өнер байқауы ұйымдастырылмақ. «TURKIsTANYM» жобасы аясында өңірдегі киелі орындар мен Түркістан қаласындағы ерекше орындар туралы танымдық роликтер түсіріліп, әлеуметтік желілер арқылы насихатталуда. Ауылдарда отандық киноларды насихаттау бойынша тұрақты түрде кинокөрсетілімдер ұйымдастырылған. Бұл өз кезегінде Түркістандай бүкіл түркі жұрты көз тіккен киелі аймаққа туристердің көптеп ағылуына оң септігін тигізбек. Сондай-ақ кітап оқитын оқырмандар санын арттыру, халық мәдениетін көтеру мақсатында бірқатар ауқымды жобалар ұйымдастырылды.
Биыл тұңғыш рет республикалық деңгейде жаңа термелер байқауын ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар республикалық деңгейде атап өтілетін тұлғалардың мерейтойларын атқару бағытындағы шаралардың жоспары әзірленуде.
Биыл ЮНЕСКО-ның халықаралық тізіміне енгізу мақсатында «Арпаөзен» тарихи-мәдени кешеніне археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде 5000-нан астам петроглиф сыры ашылып, халықаралық тізімге енгізу бойынша ұсыныс жолданады. Қазіргі таңда петроглифтердің есеп карточкалары, ғылыми сараптамалары дайындалып, жаңадан тарихи-мәдени мұра нысандары анықталды. Биыл аталған петроглифтерге зерттеу жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асырылмақ. Облыстағы алдын ала есепке алу тізімінде тұрған жергілікті 100 тарихи-мәдени мұра обьектілеріне ғылыми сараптама жүргізіледі. Бұл өте үлкен, ауқымды жұмыс болмақ. Әрі нәтижесі де жоғары болады деген сенім басым.