ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ ОТБАСЫНЫҢ БЕРЕКЕЛІЛІГІМЕН КЕЛЕДІ

0
34

Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының, ЮНИСЕФ тағы басқа ұйымдар
агенттіктерімен бірлесіп, Қазақстан Үкіметімен гендерлік теңсіздікті жою және
әйелдердің мәртебесін көтеру бағдарламасы іске асырылуда. Қазақстан өзінің ұлттық
жоспарлары мен бағдарламалары, соның ішінде «Қазақстан-2050» Стратегиясы
шеңберінде 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге ұмтылуда.
Бұл мақсатқа жету Қазақстанның қаншалықты әйелдер мен ерлерге тең мүмкіндіктері
бар,  тұрақты, экономика мен адами капиталдың  өсуіне  бағытталған және шешім
қабылдау процестеріне мүдделі тараптардың кеңінен қатысуына негізделген неғұрлым
инклюзивті қоғамға айнала алатындығына байланысты болады.
Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету әлемдік қоғамдастықтың бірқатар негізгі даму
индекстеріне енгізілген және кез келген заманауи мемлекеттің басым міндеттерінің бірі
болып табылады. Қазақстанда бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарылуда, іргелі
халықаралық актілер ратификацияланды, тиісті ұлттық заңнамалық база құрылды, іске
асыру құралдары енгізілді.
Қазақстанның 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының
мақсаттарының бірі мемлекеттік сектордағы шешімдер қабылдау үдерістеріне тартылған
әйелдердің үлесін арттыру болып табылады.
1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою
туралы конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» және
«Тұрмыс құрған әйелдің азаматтығы туралы» конвенциялары да бекітілді. Азаматтық
және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт пен Экономикалық, әлеуметтік және
мәдени құқықтар туралы пактіге және басқаларына қол қойылды. Қазақстан адам
құқықтары туралы барлығы 60-тан астам халықаралық шартқа қосылды.
2004 жылғы қыркүйекте Астана қаласында өткізілген Қазақстан әйелдерінің IV
Форумында ел Президенті Үкімет пен Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық
комиссияға аталған Тұжырымдаманың негізінде Қазақстан Республикасында Гендерлік
теңдік стратегиясын әзірлеп, онда экономикалық, әлеуметтік және саяси салаларды қоса
алғанда, қызметтің негізгі бағыттарын анық белгілеу, әйелдерге тең мүмкіндіктерді
қамтамасыз ету үшін шаралар жүйесін мерзімдері бойынша әзірлеу керек екенін
тапсырды.
Стратегия ─ мемлекеттің гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған негізгі құжат, оны
іске асырудың және мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан оның мониторингін жүзеге
асырудың құралы, демократияның қалыптасуының маңызды факторы болып табылады.
Осыған байланысты Стратегияның әр бөліміне БҰҰ Әйелдер қорының өңірлік офисімен
(ЮНИФЕМ) бірлесіп әзірленген, саясатта, экономикада, білім беруде, отбасында,
денсаулық сақтау және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау
мәселелерінде гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі көрсеткіштер енгізілген.
Үкіметтің 2003 жылғы 27 қарашадағы № 1190 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы
Гендерлік саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі
бағыттарын ─ ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол
жеткізуді, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі, өз бизнесін дамытуы мен мансап
жолында ілгерілеуі үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді, отбасындағы құқықтар мен
міндеттердің тең жүзеге асырылуы үшін жағдайлар жасауды, жыныс нышаны бойынша
зорлық- зомбылықтан азат болуды айқындады.
Өткен жылы бос лауазымдарға орналасу конкурстарының қорытындысы бойынша
жеңімпаздар арасындағы әйелдер үлесі 44% құрады. Бұл ретте, конкурс
қорытындыларына сәйкес, басшылық лауазымдарға тағайындалған тұлғалар арасындағы
әйелдердің үлесі 26,7%.
Гендерлік теңдікті ілгерілетудің негізгі мазмұны әйел адамдардың ер адамдармен қатар
қоғамдық өмірде, мемлекеттік басқаруда, елге қызметте ерекше үлес қоса алатындығын

мойындау, оларға үлкен жауапкершілік арту болып табылады. Елімізде барлық салаларда
әйел адамдар жемісті, нәтижелі қызмет етіп келеді.
Түркістан облысында да барлық салаларға әйелдерді тарту, оларға сенім білдіріп,
жауапкершілік арту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Кейінгі жылдары әйелдер, оның
ішінде көпбалалы аналар да мемлекеттік қолдау мен жеңілдіктерді пайдалана отырып
жеке кәсіптерін, отбасылық бизнестерін ашып шағын және орта кәсіпкерлікке батыл
кірісіп, өкілетті, атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдарда да белсенділік таныта бастады.
Қоғамда гендерлік теңдікті ілгерілетуде гендерлік ағартушылықты қолға алудың да
маңызы зор. Гендерлік білім беру және гендерлік ағарту – гендерлік саясатты іске
асыруды қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі. Сол себепті де облыста тұрғындар,
оның ішінде қыздар мен әйелдер арасында гендерлік ағартушылық саясатын насихаттау
да жолға қойылып келеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы
мемлекеттік қызметшілердің гендерлік мәселелер бойынша біліктілігін арттыру
семинарларын тұрақты негізде өткізіп тұрады. Семинарлардың мақсаты – қазіргі
қоғамның гендерлік үрдістерін талдау және мемлекеттік қызметшілердің гендерлік саясат
саласындағы кәсіби құзыреттерін жетілдіру. Осы тақылеттес семинарлар облыс
аумағында да өткізіліп, мемлекеттің гендерлік саясатын жүзеге асыру жұмысы
жүргізілуде.
Сонымен бірге әйелдердің гендерлік теңдігін қамтамасыз етуде отбасылық қарым-
қатынастағы әйел мен ер адамның міндеттері мен жауапкершіліктерін теңестіру,
отбасының бірлігін екі жақ қосылып сақтап, нығайтуы бойынша да насихаттық, түсіндіру
шаралары іске асырылуда. Отбасы берік болса – Отанның іргетасы берік болмақ. Сол
себепті мемлекет отбасылық қарым-қатынас, әйелдерге қарсы тұрмыстық-зорлық-
зомбылық, әлеуметтік, экономикалық теңсіздікке қарсы күресті күшейтіп, арнаулы заң
қабылдауды қолға алды. Ондағы жаңа нормалар әйелдер мен балаларға қарсы жасалған
зорлық-зомбылықтар, кемсітулер мен қорлаулар үшін зорлықшылға берілетін жазаны
күшейтіп, ана мен баланы қорғауды заңмен бекітіп берді.
Отбасында, ана мен балаға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылы, әлімжеттік орын алуына
жол бермеу үшін тиісті орган дар мен қоғамдық ұйымдар ғана емес бүкіл қоғам,
жұртшылық, әулет мүшелері де бұл мәселеден тыс қалмай белсенділік танытуы тиіс.
Сонда қоғамда берекелі отбасы, әйел мен еркектің гендерлік теңдігі, балалардың
қауіпсіздігі сақталып шаңырақтардың шайқалуы, аналардың зар жылауы, балалардың
қорлық көруі сияқты келеңсіздіктер азайып, шаңырақ шаттығында әйел мен еркек
сүйіспеншілік пен сыйластықта, балалар алаңсыз шаттықта өмір сүретін болады.