Түркістандық оғландар жоғары нәтиже көрсетті

Әлемдік додаларда еліміздің атын аспандатқан түркістандық өрендердің қатары жетіп артылады. Түркістан облысында дене шынықтыру және спорт саласында жүйелі түрде атқарылып жатқан жұмыстардың арқасында бүгінде қол жеткізген жетістіктер жетерлік. Бүгінде өңірдегі әр ауданда, әр ауылда бұқаралаық спортты дамыту үшін түрлі спорт сарайлары салынып, тегін үйірмелер жұмыс атқаруда. Соның арқасында спорттық сайыстарда өңірдің атын аспандатып жүрген сайыпқырандар қатары артып келеді. Соның бір дәлеліндей Түркістан облысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес, бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне айырықша көңіл бөлініп отыр. Соның арқасында, ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Жастар мен жасөскіндердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында соңғы әлетте түрлі бағыттағы спорттық үйірмелер тегін қызмет көрсете бастады. Мұның өзі өз кезегінде жасөспірімдердің жоғары нәтижеге қол жеткізуіне мұрындық болып отыр. Қазіргі таңда бүкіл түркі жұртының рухани астанасы Түркістанда бірқатар заманауи спорт кешендері ел игілігіне берілді. Нақтырақ айтсақ, «Түркістан Арена» стадионы, «Олимпик центр», «Мұз сарайы», «Теннис орталығы» салынды. Одан бөлек, әлемдік талаптарға сай ескек есу каналы мен Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешендерінің құрлысы жүріп жатыр.
Облыста 77 спорт мекемесі спорттың 62 түрі бойынша шәкірттер дайындауда. Әлем чемпионаттары мен кубоктарында өңір спортшылары 74 алтын, 36 күміс және 20 қола медальға қол жеткізді. Осылайша облыс намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсетті. Сондай ақ, Азия чемпионаттары мен кубоктарында 111 алтын, 69 күміс және 36 қола медальға ие болды. Бұл халықаралық додаларда қол жеткізген жетістіктер. Ал ел ішіндегі чемпионаттарда да нәтиже жоғары болып тұр. Ел чемпионаттарында 420 алтын, 299 күміс, 308 қола медальді еншіледі. Облыста 16 халықаралық дәрежедегі спорт шебері дайындалса, 38 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды.
Өткен жылы яғни, 2023 жылдың басты додасы – Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында түркістандық оғландар ел мерейін аспандатты. Ееліміздің құрамасы сапында түркістандық 27 сайыпқыран спорттың 13 түрінен жарыс жолына шықты. Нәтижесінде, спортшылар 2 күміс, 2 қола медальға қол жеткізді. Атап айтсақ, байдарка мен каноэда есуден Ольга Шмелева мен Ульяна Кисилева күміс медальді иеленсе, боксшы Сағындық Тоғамбай мен каратэші Әсел Қанай қола медальді облыс қоржынына салды.
Ханчжоуда өткен Пара Азия ойындарында спорттың 3 түрінен 5 спортшы ел намысын қорғады. Түркістандық спортшылар еншісінде 3 күміс және 1 қола медаль бар. Параканоэші Бибарыс Спатай мен Жалғас Тайкенов күміс медаль иегерлері атанса, Жаңыл Балтабаева қола жүлдені місе тұтты. Бибарыс Спатай қос күміске қол жеткізіп, Паралимпиада ойындарына лицензия жеңіп алды.
Қол күрестен бүгінде шардаралық сайыпқырандардың қол жеткізген жетікстігі көп. Елімізді ғана емес бүкіл әлемді мойындатқан Түркістан облысының тумасы Қыдырғали Оңғарбаев, Параканоэші Бибарыс Спатай, жеңіл атлет Мұқан Айтмырзаев ҚР Президенті Жарлығымен мемлекеттік наградамен марапатталды. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер мұнымен ғана шектелмек емес.
Астана қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалінде облыс спортшылары жалпыкомандалық есепте І орынды иеленді. Бұқаралық спорты дамыту бойынша мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиадада Түркістан облысының командасына тең келер команда табылмады. Биыл өтетін Париж Олимпиадасының іріктеу додаларына облыстан 11 спортшы үміткерлер қатарына еніп отыр. Паралимпиада ойындарына 5 спортшы қатысады деп күтілуде. Олардың мерейлі орындардан көрінетініне сенім кәміл. Өйткені түркістандық дарабоздар жүлде алмаған жарыстар жоқ. Бүгінгі таңда әлемдің додаға дайындықты бастап та кетті. Шын еңбек пен төккен тер жетістікке жеткізбей қоймайды. Сондықтан да дарабоздардың маңдайынан желе сер алтын арайлы күн де алыс емес.